Байқауға Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент және Қарағанды қалаларының ЖОО-ның физика-математика, техникалық және қаржы факультеттерінің студенттері мен магистранттары қатысты. Байқауға 67 өтінім берілді, ұйымдастырушылар 45 өтінімді мақұлдады. Іріктеуге жоғары оқу орындары бакалавриатының соңғы курстарының студенттері немесе жақында ғана бітірген студенттер, магистратура, аспирантура, докторантура білім алушылары, GPA жақсы көрсеткішімен (орташа балл) қатысты. Математика, физика басым пәндер болды. Сондай-ақ іріктеу кезінде олимпиадаларда, математика, физика жобаларында жүлделі орындар және курстардың толық бағдарламасын тыңдау үшін бос уақыттың болуы ескерілді.
Жақын арада 45 жеңімпаз алғашқы базалық актуарлық курсты тегін тыңдап, емтихан тапсыруға мүмкіндік алады. Ол сәтті тапсырылған жағдайда олар сондай-ақ гранттық негізде актуарийлерді оқытудың минималды бағдарламасының екінші базалық курсынан өте алады.
«Бүгінде нарық білікті актуарийлер мен жалпы мамандардың жетіспеушілігін сезінуде. Егер сақтандыру саласына қарайтын болсақ, онда оның тұрақтылығын, дағдарысқа қарсы қандай да бір қолдаудың жоқтығын байқауға болады және бұл көбінесе актуарийлердің жұмысы – деп Nomad Life басшысы Қайрат Чегебаев бөлісуде. - Актуарлық есеп айырысу бөлімдеріне тұрақтылықтан бөлек, қызмет құны, активтер мөлшері, жалпы істің табысы да байланысты. Сондай-ақ актуарийлер саланың заң шығару қызметіне жауап береді, бұл сақтандырудың дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан актуарлық курстар осы жылы жаңа форматты – онлайн режимді тестілей отырып өтуде, оған басқа өңірлерден студенттер қатыса алады, өйткені Алматыға келуге барлығының мүмкіндігі жоқ».
Жоба тарихы
Актуарийлер қоғамы алғаш рет актуарлық курстарды 2001 жылы ашты, сол кезде оқытуды USAID қаржыландырды. «Дағдарыс кезінде көптеген сақтандыру компаниялары үнемдеу режиміне көшті, біз шығындарды жабу үшін қатысушылардың қажетті санын толтыра алмадық. Үй-жайларды жалға алу, оқытушылардың еңбегін төлеу керек қой. Сақтандыру компаниялары қызметкерлерді біліктілік емтихандарына ғана жіберді. Әрине, бұл жағдайда білім сапасы төмендеді. Нарық актуарийлермен толықпады», - деп түсіндіреді «Қазақстан актуарийлері қоғамы» ҚБ басқарма төрайымы Дина Уржумова.
Уақыт өте келе кадрлар тапшылығы нарық үшін үлкен проблемаларға алып келуі мүмкін. Өйткені, актуарлық есептеулер – сақтандыру математикасы, сақтандыруға қызмет көрсететін ғылымның ерекше саласы. Актуарлық есептеулер негізінде сақтандыру қоры құрылады, сақтандыру тарифтері есептеледі және сақтандыру резервтері қалыптастырылады.
«Әрбір сақтандыру компаниясының кем дегенде екі математик-актуарийі болуы тиіс. Сақтандыру компанияларының басшы қызметкерлері де актуарлық есептерді түсінуі тиіс, себебі сақтандыру қорын құру әдістемесін меңгеру ғана әрбір теңгенің сақтандыру қорына қайдан келетінін және оны қандай сәтте және қандай мақсаттарға жұмсауға болатынын нақты көрсетуге мүмкіндік береді. Nomad Life біздің курстарға демеушілік жасап, мамандықты дамыту керектігін түсінетініне қуаныштымыз», - дейді әңгімелесуші.
Актуарий - сақтандырушы мен сақтанушы арасындағы делдал. Олар сақтандыру нарығына қатысушылардың екеуiнiң де мүдделерiн ескеруге мiндеттi. Тарифтер бір жағынан сақтандыру компаниясының тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс, екінші жағынан - жоғары болмауы тиіс. «Актуарий кез келген мәселе бойынша математикалық формулалармен есептелген және расталған барабар, тәуелсіз және негізді пікір шығаруы тиіс. Сондықтан актуарийдің қызметі сертификатталады. Сертификат алу үшін актуарий біліктілік емтихандарын тапсыруы тиіс. Пәндер тізбесі реттеушінің қаулысында бекітілген. Осылайша, актуарийдің кәсіби сапасына кепілдік беріледі. Біздің курстардан 200 маман өтті – олардың барлығы сұранысқа ие және сақтандыру компанияларында жұмыс істейді», - деп түсіндіреді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математикалық факультетінің іргелі математика кафедрасының меңгерушісі ф. -м.ғ.д. Мирбулат Сихов.
Базалық курстар бойынша емтихандарды табысты тапсырғаннан кейін қатысушылар «Қазақстан актуарийлері қоғамы» ҚБ мүшесі бола алады және жұмысқа орналаса алады.