Бұл шешім компанияның капиталдық ұстанымының нығаюын және инвестициялық портфель сапасының жақсарғанын көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Solvency I көрсеткіші 232%-ды, ал 2025 жылдың тамызындағы жағдай бойынша 226%-ды құрады (2023 жылы — 184%). Fitch Prism моделі бойынша компанияның капиталдандыру деңгейі «өте жоғары» деп бағаланды.
Standard Life компаниясының қаржылық нәтижелері тұрақты деңгейде сақталып отыр: меншікті капиталдың табыстылығы (ROE) 2024 жылы 12%-ға жетті, ал 2022–2024 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіш 23%-ды құрады. 2025 жылдың жеті айында компания 15,027 млрд теңге көлемінде сақтандыру сыйлықақысын жинап, 5,32 млрд теңге инвестициялық табыс және 2,45 млрд теңге таза пайда тапты.
Агенттік сондай-ақ инвестициялық портфель құрылымындағы сенімді қаржы құралдарының үлесі артқанын атап өтті: 2024 жылдың соңында инвестициялық деңгейдегі корпоративтік және мемлекеттік облигациялардың үлесі 85%-ға жетті (бір жыл бұрын — 73%).
«Fitch рейтингінің көтерілуі — біздің салмақты стратегиямыздың, капиталды басқарудағы тәртіп пен клиенттердің ұзақмерзімді мүдделеріне басымдық беруіміздің нәтижесі. Біз Standard Life компаниясының нарықтағы позициясын одан әрі нығайтып, өнімдер желісін кеңейтіп және клиенттеріміздің жинақтарын қорғауға әрі көбейтуге арналған заманауи шешімдерді енгізуді жалғастырамыз», — деді «Өмірді сақтандыру компаниясы «Standard Life» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Амерходжаев.
Фото ашық дереккөздерден алынған.