Қаңтар–шілде аралығында жиналған жалпы сақтандыру сыйлықақылары 964,0 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,0%-ға өсті. Бұл өсім жасалған келісімшарттар санының көбеюімен де байланысты: олардың көлемі 19,5%-ға артып, 15,2 млн-ға жетті.
Нарық дамуының негізгі қозғаушы күші – ерікті жеке сақтандыру өнімдері. 2025 жылдың жеті айында осы сынып бойынша 469,0 млрд теңге жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға көп. Оның ішінде екі сегмент қарқынды өсім көрсетті:
-
Зейнетақы аннуитеттік сақтандыру – сыйлықақылар 20,4%-ға өсіп, 188,7 млрд теңгеге жетті.
-
Өмірді сақтандыру – өсім 23,6%, көлемі 143,8 млрд теңге.
«Сақтандыру сыйлықақыларының өсуі келісімшарттар санының артуымен сәйкес келеді. Бұл елде, әсіресе ерікті сақтандыру түрлеріне деген сұраныстың жоғарылағанын білдіреді», – деп атап өтті АРРФР.
Сақтандыру сыйлықақыларының артуымен қатар сектор активтері де ұлғайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша олардың көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп, жылдың басынан бері 14,4%-ға өсті. Активтердің басым бөлігі (71,2%) бағалы қағаздарға салынған, бұл сақтандырушылардың белсенді инвестициялық қызметін көрсетеді.
Сондай-ақ сақтандыру төлемдері де көбейді. Жыл басынан бері олардың көлемі 245,0 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 39,2%-ға артты. Негізгі өсім ерікті мүлікті сақтандыру төлемдерінің көбеюінен болды.
Қорытындылай келе, қаржылық сауаттылық пен болашақты, соның ішінде зейнет жасын жоспарлау мәдениеті сақтандыру нарығын нығайтып, оны қаржы саласының ең серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің біріне айналдырып отыр.
Фото ашық дереккөздерден алынды