bs-preloader__icon
ru kz

Реттеуші клиенттерді қорғау және сақтандыру нарығын нығайту үшін түзетулерді бекітті

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) сақтандыру нарығын түбегейлі жетілдіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілерге ауқымды түзетулер пакетін бекітті. Құжат Дүниежүзілік банктің ұсынымдары мен халықаралық қадағалау стандарттарын ескере отырып әзірленген. Онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тәуекелдерді басқару және сақтандырушылар қызметінің ашықтығын арттыру бойынша жаңа талаптар енгізіледі.
Реттеуші клиенттерді қорғау және сақтандыру нарығын нығайту үшін түзетулерді бекітті

Ішкі бақылау және комплаенс бөлімшесін міндетті түрде құру.
Енді әрбір сақтандыру компаниясында сатылым бөлімінен тәуелсіз арнайы құрылым болуы тиіс. Оның міндеттері: жүйелік тәуекелдер мен адал емес тәжірибелерді мониторингтеу, клиенттердің шағымдарымен жұмыс істеу, өнім сапасын талдау және сатушылардың адалдығын тексеру үшін «жасырын сатып алулар» жүргізу.

Алаяқтықпен күрес.
Сақтандырушылар алаяқтыққа қарсы міндетті саясаттарды әзірлеп, енгізуге және анықталған барлық фактілер туралы реттеушіні хабардар етуге тиіс.

Шағымдар толқынына жедел әрекет ету.
ҚНРДА-ның мерзімінен бұрын әрекет ету шаралары кеңейтілді. Омбудсмен арқылы немесе тікелей реттеушіге түскен негізді клиенттік шағымдардың өсуі компанияға қатысты қадағалауды күшейтуге тікелей сигнал болады.

Тарифтердің әділдігі.
Егер сақтандырудың белгілі бір түрі бойынша компанияда жиналған сыйлықақылардың жоғары үлесі кезінде шығындылық деңгейі қалыптан тыс төмен болса, компания клиенттер үшін тарифтерді төмендетуге немесе сақтандыру қамтуын кеңейтуге міндеттеледі.


Ұзақ мерзімді жинақтарды ынталандыру

Зейнетақы аннуитеттері.
Өмірді жинақтаушы сақтандыруды тартымды ету мақсатында өмір бойғы төлемдерді индекстеу мөлшерлемесі 7%-дан 8%-ға дейін ұлғайтылды, ал табыстылық мөлшерлемесі жылына 8%-дан 9–12%-ға дейін арттырылды.

Актуарийлерді даярлау.
Кадр тапшылығын шешу үшін «актуарий» лицензиясын алу жолы жеңілдетілді. Енді Enbek.kz цифрлық платформасында курстарды сәтті аяқтау және емтихандарды тапсыру біліктілік талаптарының бір бөлігі ретінде есептеледі.


Нарықтың қаржылық тұрақтылығын нығайту

Түзетулер ішкі қайта сақтандыруды дамытуға және шетелдік серіктестерге тәуелділікті азайтуға бағытталған. Міндетті сақтандырудың бірқатар түрлері (автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру) бойынша сақтандыру және қайта сақтандыру пулдары үшін төлем қабілеттілігі маржасына түсетін жүктемені төмендету түріндегі ынталандыру шаралары енгізіледі.

Құжат тарифтерді есептеу, пруденциялық реттеу, тәуекелдерді басқару және актуарлық лицензиялар беру қағидаларын қоса алғанда, негізгі нормативтік актілерге өзгерістер енгізеді. Қаулы ресми жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Бұл шаралар реттеушінің нарықтағы сын-қатерлерге кешенді жауабы болып табылады және Қазақстанның сақтандыру секторын неғұрлым ашық, тұрақты әрі клиентке бағдарланған етуге бағытталған.

Фото ашық дереккөздерден алынды.

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру