Нарықтың жалпы өсімінің негізгі драйвері — ерікті жеке сақтандыру. Оның құрамына өмірді сақтандыру өнімдері мен зейнетақы аннуитеттері кіреді. 2025 жылы осы сынып бойынша сақтандыру сыйлықақылары 6,2%-ға өсіп, 846,4 млрд теңгеге жетті. Ал өмірді сақтандыру бойынша сыйлықақылардың өсімі одан да жоғары болды — 16,1%-ға артып, 229,3 млрд теңгені құрады.
Инвестициялық тартымдылық
Сектордың өсуі оның инвестициялық белсенділігімен тығыз байланысты. Бір жыл ішінде бүкіл сақтандыру нарығының (қайта сақтандыруды қоса алғанда) активтері 25,1%-ға ұлғайып, 3,9 трлн теңгеге жетті. Оның едәуір бөлігі — 74,8% немесе 2,9 трлн теңге — бағалы қағаздарға орналастырылған. Бұл сақтандыру компанияларының, әсіресе өмірді сақтандыру компанияларының, экономикадағы негізгі институционалдық инвесторлар ретіндегі рөлін айқындайды.
Сектордың қаржылық тұрақтылығы да нығая түсті: сақтандыру ұйымдарының меншікті капиталы 16,7%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгені құрады. Ал нарықтың таза пайдасы бір жылда 245,6 млрд теңгеге жетті.
Трендтер және тұтынушылық таңдаулар
Нарық бойынша жасалған шарттар саны 2,4%-ға азайғанына қарамастан, сыйлықақылар көлемінің өсуі маңызды трендті көрсетеді: қазақстандықтар неғұрлым капиталсыйымды әрі ұзақ мерзімді өмірді сақтандыру және жинақтау бағдарламаларын таңдауда. Мұны зейнетақы аннуитеттік сақтандыру бойынша сыйлықақылардың 9,1%-ға өсіп, 425,9 млрд теңгеге жетуі де растайды.
2025 жылдың қорытындысы Қазақстандағы өмірді сақтандыру нарығының сапалы трансформациясын айғақтайды. Сектор қарапайым өнімдерден қорғау мен ұзақ мерзімді жинақтауды ұштастыратын кешенді шешімдерге қарай бет алды. Өмірді сақтандыру компанияларының капиталдануының артуы мен инвестициялық белсенділігінің өсуі тек қаржы нарығының дамуына ғана емес, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді әлеуметтік институттың қалыптасуына да ықпал етеді.
Фото ашық дереккөздерден алынған.


