bs-preloader__icon
ru kz

Зейнетақы аннуитеттерін пайдалануға кедергі – ақпараттың жетіспеушілігі

Аннуитеттер – зейнетақыны жоспарлауда маңызы зор, бірақ көпшілікке әлі де түсініксіз қаржылық құралдардың бірі. Адамдар депозит, өмірді сақтандыру немесе жинақтаушы зейнетақы шоттары жайлы біледі, алайда аннуитеттер әлі де «белгісіз аймақта» қалып отыр. Policygenius компаниясының 2024 жылғы зерттеуіне сәйкес, АҚШ-та ересектердің шамамен 79%-ы аннуитеттің не екенін дұрыс түсіндіре алмаған. Ал 2023 жылы American College of Financial Services жүргізген сауалнамада 50–75 жас аралығындағы қатысушылар аннуитетке қатысты сұрақтардың тек 12%-ына ғана дұрыс жауап берген. Бұл Medicare немесе ұзақ мерзімді сақтандыру тақырыптарынан да төмен нәтиже болды.
Зейнетақы аннуитеттерін пайдалануға кедергі – ақпараттың жетіспеушілігі

Ақпараттың аздығы адамдардың әрекетінде де көрінеді. Сауалнамаға қатысқандардың шамамен жартысы аннуитет сатып алуға дайын екенін айтса да, іс жүзінде оны таңдағандар небәрі 12%. Дегенмен, өмір бойғы кепілдендірілген табыс беретін өнімдерге қызығушылық артып келеді: Америкалық өмірді сақтандыру кеңесінің деректеріне сүйенсек, азаматтардың 54%-ы мұндай құралдарға инвестиция салуды ойластыруда. Бірақ ниет пен нақты әрекеттің арасындағы алшақтық әлі де айқын.

Social Security жүйесінің болашағы бұлыңғыр болғандықтан, өз бетінше зейнетақылық қамтамасыз ету мәселесі бұрынғыдан да өзекті. 1950 жылы бір зейнеткерге 16 жұмысшыдан келсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,7-ге дейін төмендеді. 2035 жылға қарай ол 2,4 деңгейіне дейін түседі деген болжам бар. Бұл қазіргі 55 жастағы азаматтар үшін 20 жылдан кейін мемлекеттен қомақты төлемдер күту екіталай екенін білдіреді. Оның үстіне дәстүрлі корпоративтік зейнетақы жүйелері жойылып, орнына табысы нарыққа тәуелді, кепілді кірісі жоқ 401(k)-тәрізді жоспарлар келген.

Осындай жағдайда аннуитеттер өзіндік «жеке зейнетақы» рөлін атқарып, өмір бойы немесе ұзақ мерзімге тұрақты табыс әкеледі. Негізгі артықшылығы – адамның қанша өмір сүретініне қарамастан, төлемдердің тұрақты болуы. Яғни, бұл – «ұзақ өмір сүруден сақтандырудың» бір түрі. Бұған қоса, салықтық жеңілдіктері бар: қаражат алынбағанша салық салынбайды, ал төлемдердің бір бөлігі капиталды қайтару ретінде есептеліп, салықтан босатылады.

Аннуитет нарығы әртараптанған

– Табыс әкелетін аннуитеттер тұрақты төлем береді.
– Тұрақты аннуитеттер депозитке ұқсас: кепілдендірілген пайыз және капиталды қайтару бар.
– Индекстелген тұрақты аннуитеттер табысты қор индексіне байланыстырады.
– Айнымалы аннуитеттер – сақтандырудың ішінде жұмыс істейтін инвестициялық қорлар жиынтығы.

2024 жылы тұрақты аннуитеттердің сатылымы 153,4 млрд долларды құрады, ал табыстық аннуитеттер небәрі 18,5 млрд доллар көлемінде сатылды.

Дегенмен, аннуитеттердің шектеулері де бар. Бұл құралға салынған қаражат өтімділігі төмен: келісімді бұзу немесе қаражатты мерзімінен бұрын алу қымбатқа түседі әрі қиын. Сонымен қатар төлемдердің сенімділігі өнімді ұсынған сақтандыру компаниясының қаржылық тұрақтылығына тікелей байланысты. Сондықтан серіктес таңдауда мұқият болу аса маңызды.

Мемлекеттік зейнетақы жүйелері демографиялық қысымға тап болып, дәстүрлі зейнетақы жоспарлары біртіндеп жойылып жатқан жағдайда, аннуитеттер жеке қаржылық стратегияның маңызды бөлігіне айналуда. Олар әмбебап емес әрі барлығына бірдей қолайлы бола бермейді, бірақ олардың негізгі қағидаларын білу адамдарға саналы шешім қабылдауға және қарттықтағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: Kiplinger

Сурет ашық дереккөздерден алынған

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру