«Қарыз алушының өмірін сақтандыру – қарыз алушының қарызды өтеу қабілетіне әсер етуі мүмкін күтпеген жағдайлар туындаған кезде несие немесе қарыз бойынша берешекті өтеу үшін сақтандыру қорғауын сатып алу. Негізгі артықшылығы – сақтандыру қарыз алушы еңбекке қабілеттілігінен айырылған немесе қайтыс болған жағдайда ипотеканың қалдығын өтеу арқылы жақындарын қаржылық қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте сақтандыру азаматтың мүддесін қорғайды, ал ипотекаға сатып алынған тұрғын үй қарыз алушының немесе оның мұрагерінің меншігінде қалады», - деп түсіндірді «Коммеск-Өмір» ӨСК басқарма төрағасы Олег Ханин.
Мұндай сақтандыру банк үшін де тиімді. Себебі қарыз алушының өмірді сақтандыру полисінің болуы банкке қарыз алушымен бірдеңе болса, материалдық шығынның міндетті түрде өтелетініне кепілдік береді.
Сақтандыру жағдайы
Қарыз алушыны сақтандыру бағдарламасы бойынша сақтандыру жағдайлары болып жиі мыналар саналады:
сақтандыру қорғауының қолданылу кезеңі ішінде болған, жазатайым оқиға нәтижесінде сақтандырылушының қайтыс болуы;
сақтандыру қорғауының қолданылу кезеңінде болған, жазатайым оқиға нәтижесінде сақтандырылушыға 1-ші немесе 2-ші топтағы мүгедектікті белгілеу.
«Сақтандыру төлемдері отбасы мүшелерін бірқатар тұрмыстық қиындықтардан құтқара отырып, қиындықтар мен қайғыларға төтеп беруді жеңілдетеді. Сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда төлемдер несиені өтей отырып, несие беруші банк пайдасына жүзеге асырылады. Бұл ретте сақтандыру ұйымдары сақтандырылушының қайтыс болуымен шектелмейтін, оның ішінде жазатайым оқиғалар кезінде еңбекке қабілеттіліктен айырылу және мүгедектік сияқты қосымша өтемдерді таңдауды ұсынады. Мұндай жағдайлар орын алған жағдайда, сақтандыру компаниясы шартта көзделген сақтандыру сомасы көлемінде төлемдерді жүзеге асырады», - деп атап көрсетеді Standard Life ӨСК басқарма төрағасы Ғалым Амерходжаев.
ӨСК-нің әрбір клиенті үшін сақтандыру құны жеке болып табылады. Ол қарыз сомасына, сақтандыру мерзіміне және сақтандыру өтеміне байланысты.
«Қарыз алушылардың өмірін сақтандырудың негізгі мақсаты – өмірді сақтандыру полисін сатып алу кезінде қарыз алушы өзін және жақындарын күтпеген немесе қолайсыз жағдайларда, әсіресе сақтанушы отбасының жалғыз асыраушысы болса, банкке қарызын төлеуден құтқарады», -деп тағы да еске салады «Евразия» ӨСК баспасөз қызметінде.
Неге назар аудару керек
«Егер банкте ойластырылған сақтандыру бағдарламасы болса, онда клиент үшін әдеттегі жағдайлардың сақтандыру өтемі қарастырылған. Алайда, полис бойынша негізгі өтемдер - адам мүгедектік немесе қайтыс болған жағдайда несиені төлей алмайтын жағдайдың басталуы. Полисте қосымша өтелімдер қарастырылуы мүмкін, мысалы, мүгедектікті белгілеу. Ипотекалық несиені ресімдеу кезінде клиент банктен үлкен соманы, мысалы, бірнеше миллион теңгеден несие алуды жоспарласа, сақтандыру артық болмайтыны анық. Сақтандыру міндетті емес екенін есте ұстаған жөн. Бірақ егер клиент сақтандыру полисін сатып алудан бас тартса, банк несиелеудің басқа шарттарын ұсынуға құқылы », - деп түсіндіреді «Халык-Life» ӨСК басқарма төрағасының орынбасары Андрей Джексембаев.
Полисті рәсімдеу кезінде сақтандыру шартының талаптарын мұқият және егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Келісімшартта қандай жағдайларда сақтандыру төлемі қарастырылған, ал қандай жағдайда ол қарастырылмаған, сақтандыру төлемі қандай мерзімде және қалай жүзеге асырылатынын нақты түсіну маңызды. Жағымсыз тосын жағдайларды болдырмау үшін несие мерзімінен бұрын өтелген жағдайда қарыз алушының өмірін сақтандыру шартын бұзу шарттарын нақтылау өте маңызды. Болашақта бұл компания мен сақтандырылған қарыз алушы арасындағы түсініспеушіліктерді болдырмауға көмектеседі.
Қалай сатып алуға болады
«ӨСК-мен серіктестіктегі банктен ірі көлемде несие алу туралы шешім қабылдағаннан кейін, қарыз алушы қайтыс болған немесе мүгедек болған жағдайда қалған ипотекалық несиені өтейтін сақтандыру сомасын анықтау қажет. Содан кейін өмірді сақтандыруға өтініш беріледі. Өтінішті онлайн жасауға болады. Бұл өтініште клиенттің жеке деректерін, оның денсаулық жағдайы туралы ақпаратты талап етуі мүмкін. Сақтандыру сомасына және қарыз алушының жасына байланысты медициналық тексеруден өту немесе талдауларды өткізу қажет болуы мүмкін», - деп нақтылайды Freedom Life ӨСК басқарма төрағасы Азамат Ердесов.
Сарапшылар сақтандыру полисіне енгізілген сақтандыру тәуекелдерін талдауды ұсынады. «Әрі қарай, дұрыс шарттар болуы үшін нарықтағы сақтандыру тарифтерін салыстыру керек. Бұл банкке артық төлем жасамау үшін өте маңызды, ол жоғары тарифтермен сақтандыру бағдарламаларын пайдалана алады. Осылайша, дұрыс сақтандыру тарифтері бар кешенді сақтандыру қорғауы сақтандыру жағдайы туындаған кезде қарыз алушының шығынын азайтады», - деп түсіндіреді Андрей Джексембаев.
«Сақтандырылушы андеррайтинг негізінде медициналық тексеруден өтуі мүмкін. Бұл сақтандырылушының қосымша сауалнаманы толтыруы болуы мүмкін: ауру, кәсіп және демалыс туралы, қаржылық сауалнама», - дейді Олег Ханин.
Шағын сомаға (бес миллион теңгеге дейін), әдетте, андеррайтинг автоматты түрде – клиент толтырған сауалнама негізінде жүзеге асырылады, ал үлкен сомаға сақтандыру ұйымы клиентке қосымша медициналық тексеруден өтуін сұрауы мүмкін. «Андеррайтинг әдетте жылдам өтеді – сақтандыру ұйымы барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін бір-екі күн ішінде клиент сақтандырушыдан жауап алады. Жауап «иә» болса, келісім-шартқа бірден қол қойылады», - деп түйіндеді сөзін Ғалым Амерходжаев.
Одан әрі ӨСК мамандары тәуекелді бағалауды жүргізеді және клиентпен келісім жасау туралы шешім қабылдайды. Оң шешім кезінде келісім жасалады, онда сақтандырудың барлық шарттары белгіленеді және бір реттік сақтандыру жарнасы жасалады. Онлайн сақтандыруда сақтандыру полисі электронды түрде рәсімделеді және СМС-хабарлама арқылы жіберіледі.
Сурет ашық дереккөздерден