Бүгінде азаматтар зейнетақы төлемдерін не Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, не зейнетақы аннуитеті шартын жасасу арқылы сақтандыру ұйымынан ала алады. Зейнетақы аннуитеттік сақтандыру — ерікті, оны рәсімдеу туралы шешімді әрбір салымшы өз бетінше қабылдайды.
Зейнетақы аннуитеті шарты бойынша салымшының зейнетақы жинақтары сақтандыру ұйымына аударылады, ал оның орнына салымшы сақтандыру ұйымынан өмір бойы ай сайынғы төлемдер алу құқығына ие болады. Сақтандыру төлемдерінің мөлшері тұрақты және алдын ала белгілі, ол зейнетақы аннуитеті шартына қоса берілетін төлемдер кестесінде көрсетіледі. Ай сайынғы төлемнің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70%-ын құрайды. Осылайша, зейнетақы аннуитеті шарты бойынша төлемдер салымшының жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін ғана жүзеге асырылатын БЖЗҚ-дан төлемдермен салыстырғанда анағұрлым тиімді.
Егер зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлемдер көзделсе, сақтандырылған тұлға қайтыс болғаннан кейін бұл төлемдерді шартта көрсетілген адам алады.
Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін төлем алушылар кепілдендірілген төлемдердің қалған сомасын алу тәсілін — біржолғы немесе ай сайынғы — таңдауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ шарттың қолданыстағы талаптарын сақтай отырып, сақтандыру төлемдерін алушыны ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл, мысалы, бұрынғы алушы қайтыс болған жағдайда немесе басқа туыстарын, оның ішінде немерелерін қамтамасыз ету қажет болған кезде сақтандырушыға алушыны өзгертуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сақтандыру сыйлықақысының жетіспейтін бөлігін толықтыру тәртібі нақтылануда: мұндай сома толық көлемде және бір реттік төлеммен енгізілуі тиіс.
Қазіргі уақытта аталған заңнамалық түзетулер Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Фото ашық дереккөздерден


