bs-preloader__icon
ru kz

Неге өмірді сақтандырушылардың клиенттері дағдарыс пен пандемияға қарамастан табыс табуда

Жыл сайын қазақстандық өмірді сақтандыру компаниялары (ӨСК) инвесторлардың жинақтаушы шоттарына пайыздар есептейді. Мұндай бағдарламалардың басым бөлігі доллармен есептеледі және табыс жылдық 4% -ға дейін жетеді. Сақтандырушылар жоғары табыс пен жүз пайыз сенімділікті қалай қамтамасыз ететінін осы мақаладан білеміз.
Неге өмірді сақтандырушылардың клиенттері дағдарыс пен пандемияға қарамастан табыс табуда

Өмірді сақтандыру компаниялары қор нарығындағы инвестициялар есебінен клиенттер үшін ақша табады. Бұл ретте реттеуші сақтандырушылар сатып ала алатын қаржы құралдарының тізбесін шектеді.

«Мысалы, өтімділігі жоғары активтер тізіміне енгізу үшін қазақстандық эмитенттердің борыштық және үлестік құралдары S&P Global Ratings халықаралық шкаласы бойынша В- рейтингінен немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингінен төмен болмауы тиіс», – деп түсіндіреді Сентрас Коммеск Life басқармасының төрайымы Гүлжан Джаксымбетова.

Кредиттік рейтинг инвестициялық тәуекел деңгейін көрсетеді. Бұл бағаны эмитенттер тәуелсіз шетелдік агенттіктерден алады. «Компания рейтингі неғұрлым жоғары болса, инвестор үшін кредиттік тәуекел соғұрлым аз болады. Реттеуші қаржылық тұрақтылыққа қатаң талаптар қойғандықтан, сақтандыру компаниялары активтердің басым бөлігін жоғары кредиттік рейтингтері бар сапалы және жоғары сенімді эмитенттердің құралдарына инвестициялай отырып, жоғары инвестициялық тәуекелдерді қабылдамайды», – дейді Халык-Life басқармасының төрайымы Оксана Радченко.

Қазақстандық сақтандырушылар клиенттерге табыстылығы тіркелген өнімдерді ұсынады. Тиісінше, олардың инвестициялық портфелінің орташа пайдасы жоғары болуы тиіс.

«Қазақстандық қор нарығы халықаралық қор нарықтарымен салыстырғанда шағын, алайда мұнда бағалы қағаздары жақсы дивидендтік саясат, қаржылық тұрақтылық және корпоративтік саясат аясында тартымды сапалы эмитенттер бар. Бірақ теңгемен номинацияланған бағалы қағаздарға инвестициялау кезінде ұлттық валютаның құбылмалылығы аясында девальвациялық тәуекел бар екеніне назар аудару керек», – дейді Сентрас Коммеск Life басшысы.

Сондықтан сақтандырушылар өз портфельдерін әртараптандыра отырып және оларды күтпеген шығындардан сақтандыра отырып, шетел валютасына номинацияланған қаржы құралдарына ақша салады.

«Құрамына қазақстандық эмитенттердің де, шетелдік эмитенттердің де құралдары кіретін инвестициялық портфельді қалыптастыру тиімді. Активтердің бір бөлігін шетелдік эмитенттердің түрлі құралдарына инвестициялау портфельді неғұрлым кең әртараптандыруға қол жеткізуге және портфель бойынша географиялық, салалық, валюталық және басқа да инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді», – деп Оксана Радченко атап өтті.

Сақтандырушылардың инвестстратегиялары

Ұлттық банктің талаптарына сәйкес әрбір ӨСК өз қажеттіліктеріне сәйкес инвестициялық саясатты әзірлейді. Бірақ әрбір компанияның негізгі міндеті – инвестициялардың сақталуы мен кірістілігінің теңгерімі.

«Реттеуші орындалуын үнемі бақылайтын талаптарды әзірледі. Мысалы, бағалы қағаздарға инвестициялау кезінде бір эмитентке салынатын салым сомасы 10%-дан, ЕДБ-дегі салымдар бойынша, банктің рейтингіне байланысты – 20%-дан аспауы тиіс. Бағалы қағаздар рыногындағы жұмыс кезіндегі мұндай шектеулер ондағы мінез-құлықтың айтарлықтай болжамды болуына әкеп соғады, бірінші кезекте сенімділік талаптарымен айқындалады. Бірақ сақтандыру компаниялары осы шеңберден шықпай-ақ инвестициялау кезінде өз бизнестерінің құрылымын ескеруі тиіс. Біз міндеттемелердің мерзімдері мен валютасына сәйкес инвестициялау кезінде міндеттемелер (Liability-relative approach) негізінде тәсілді пайдаланамыз.  Сақтандыру компаниялары үшін негізгі тәуекел – бұл өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар кірісінің негізгі көзі – инвестициялар екенін ескере отырып, клиенттерге төлемдерді қамтамасыз ету үшін жеткілікті капиталды қолдау», – деп Nomad Life ӨСК Басқармасының төрағасы Қайрат Чегебаев түсіндіреді.

Қазіргі уақытта ӨСК активтерінде 500 млрд теңгеден астам қаражат шоғырланған. Бұл ақшаны бөлу қор нарығында ұсынылған қаржы құралдарына инвестициялардың көлемін реттейтін 15 көрсеткішті қамтитын пруденциалдық нормативтер жүйесімен қатаң регламенттеледі.

«Кез келген ӨСК құжат түрінде бекітілген инвестициялық саясат бар. Осы құжаттың шеңберінде компания инвестициялаудың түрлі стратегияларын әзірлейді, олар қазіргі таңда өзекті және инвестициялау кезінде белгілі бір мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Мұндай тәсіл тәуекелдің қалыпты деңгейі кезінде ең жоғары кірістілікті алу негізінде инвестициялық стратегия құруға мүмкіндік береді», – деп Freedom Finance Life Басқармасының төрағасы Азамат Ердесов сеніммен айтады.

ӨСК сенімділігі

Халықаралық тәжірибеде өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар (зейнетақы қорларымен бірдей) ең тұрақты қаржы институттары болып табылады. Бұл реттеуші оларға өз капиталының мөлшеріне, төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілігіне, өтімділігіне, активтердің сапасы мен әртараптандырылуына қатысты қоятын неғұрлым қатаң талаптармен түсіндіріледі.

«Мысалы, АҚШ-тағы өмірді сақтандыру нарығында шамамен 797 компания жұмыс істейді, бұл ретте соңғы 30 жылда олардың 3,7% ғана жұмыс істемей қалды. Қаржы секторында осы кезеңде 9,32% компания таратылды, яғни өмірді сақтандыру нарығына қарағанда үш есе көп», – деп Nomad Life басшысы статистиканы келтіреді.

Айтпақшы, Қазақстанда салыстырмалы көрсеткіштер бар: тәуелсіздік кезінде елімізде 140 екінші деңгейдегі банк және өмірді сақтандыру бойынша бір ғана компания таратылды, құрылтайшы банктің жабылуы себебінен тағы екеуі қайта құрылымдау рәсімінен өтті. Бұл ретте сақтандырушы барлық клиенттер алдындағы міндеттемелерді орындады.

«Сақтандыру нарығы бірнеше факторлардың есебінен банк секторының үлесіне ие болған жоқ: бастапқыда сақтандырушылар консервативті, олардың қызметі үнемі реттеушінің жіті қадағалауында болады (өйткені, бізге ұзақ мерзімге ақшаны сеніп тапсырады. Кейбір шарттар 20 және одан да көп жылға жасалады). Барлық ӨСК бірнеше реттеуші ұйымдардан өз қызметі көрсеткіштерінің ай сайынғы мониторингінен өтеді», – дейді Азамат Ердесов.

Сентрас Коммеск Life басқарма төрағасы Гүлжан Джаксымбетова реттеушілер үшін ең бастысы (Ұлттық банк пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) – сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғау екенін еске салады: «ӨСК жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшері, төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативтері, өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілігі нормативтері және активтерді әртараптандыру нормативтері сияқты пруденциалдық нормативтерді орындауға тиіс. Сондықтан да өмірді сақтандыру институты әлемдегі ең тұрақты және іргелі институттардың бірі болып табылады, себебі салымдардың ұзақ мерзімділігіне негізделген және «ұзақ» ақшаның көзі болып табылады».

Сақтандыру компаниясының сенімділігінің тағы бір көрсеткіші – жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктерден қаржылық тұрақтылық рейтингінің болуы. Ол сақтандыру компаниясының сақтанушылар алдындағы ағымдағы және болашақ міндеттемелерін орындау қабілетін көрсетеді.

«Рейтинг беру процесінде агенттік капиталдың жеткіліктілігінен, инвестициялардың сенімділігінен бастап тәуекелдерді басқару жүйесіне, нарықтағы позициялауға дейінгі сақтандыру компаниясы қызметінің барлық аспектілерін талдайды. Бұл ретте рейтингтік агенттіктер сақтандырушылардың қызметіне үнемі мониторинг жүргізеді. Көрсеткіштер нашарлаған немесе жақсарған жағдайда ағымдағы рейтингті қайта қарап, бұл туралы белгі береді», – деп Халык-Life басшысы Оксана Радченко қорытындылады.

Фотосурет ашық дереккөздерінен алынды

Бөлісу
Сондай-ақ, қараңыз

Ең қызықты материалдар сіздің электронды поштаңызда. Біздің жаңалықтарға жазылыңыз.

Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Сарапшыға сұрақ қойыңыз
Өтініш қалдыру