Қазіргі таңда Қазақстандағы табысты алмастыру коэффициентінің жартысынан астамы ынтымақты зейнетақы есебінен қамтамасыз етіледі. Алайда жаңа зейнеткерлердің зейнетақысын есептеу кезінде ескерілетін 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі біртіндеп азайған сайын, жинақтаушы зейнетақының маңызы артып келеді. Бұл үрдіс бүкіл әлемде байқалуда: демографиялық өзгерістер мен еңбек нарығының трансформациясына байланысты үлестіруші зейнетақы жүйелері қаржылық тұрғыдан тұрақсыз бола түсуде. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, міндетті зейнетақы жинақтарын енгізген елдердің саны 1999 жылғы 17 елден қазіргі таңда 50-ден астам елге дейін өсті.
Жинақтаушы жүйеде болашақ зейнетақының мөлшері жеке зейнетақы шотындағы жинақ көлеміне тікелей байланысты. Бұл қаражат зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс есебінен қалыптасады. Жинақталған қаражат азаматтардың меншігі болып табылады, бұл олардың өз жинақтарын белсенді түрде қалыптастыруына ынталандырады. Сарапшылар лайықты зейнетақы алу үшін үш негізгі шартты атап көрсетеді:
- еңбек қызметінің бүкіл кезеңінде жинақтаушы жүйеге үздіксіз қатысу;
- зейнетақы жарналарын тұрақты түрде (ай сайын, жылына 12 рет) аудару;
- барлық еңбек табысынан толық көлемде жарна төлеу.
ЭЫДҰ-ның ұзақ мерзімді актуарлық есептеулері табысты алмастыру коэффициентінің зейнетақы жарналарының мөлшерлемесіне, оларды төлеу ұзақтығы мен тұрақтылығына тікелей тәуелді екенін айқын көрсетеді. Есептеулерге сәйкес, тек жинақтаушы зейнетақы есебінен табысты алмастыру коэффициентін кемінде 30% деңгейінде қамтамасыз ету үшін:
- кемінде 40 жыл бойы 13% мөлшерлемемен жарна төлеу;
- немесе 30 жыл бойы кемінде 18% мөлшерлемемен жарна аудару қажет.
Халықаралық тәжірибеде қолданылатын жарна мөлшерлемелері осы көрсеткіштерге сәйкес келеді. ЭЫДҰ елдерінде зейнетақы жарналарының орташа мөлшерлемесі 18,8%, ал Mercer CFA Institute Global Pension Index (MCGPI) 2025 рейтингінде көшбасшы елдерде шамамен 17–18% құрайды.
Қазақстанда ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру шаралары жүзеге асырылып жатыр. 2023–2027 жылдар аралығында оның мөлшерін күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ал ең жоғары базалық зейнетақыны 100%-дан 120%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.
Сонымен қатар халықаралық тәжірибені ескере отырып, елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілді. Олардың мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 2024 жылғы 1,5%-дан 2028 жылы 5%-ға дейін өседі. Осылайша, қызметкердің 10% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен жұмыс берушінің 5% ЖМЗЖ қосылған жиынтық мөлшерлеме халықаралық стандарттар мен ЭЫДҰ-ның актуарлық есептеулеріне сәйкес келеді.
Осылайша, Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесінде болашақ зейнетақы үшін жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасында бөлінеді. Жинақтаушы құрамдас бөліктің рөлін күшейту жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге есептеулер көрсеткендей, табысты лайықты деңгейде алмастыру үшін шешуші фактор – адамның бүкіл еңбек жолында зейнетақы жинақтау жүйесіне ұзақ әрі тұрақты қатысуы.
Фото ашық дереккөздерден


