Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі деректеріне сәйкес, 2025 жылы туристік сақтандыру нарығында ерікті де, міндетті де сақтандыру сегментінде төлемдер айтарлықтай өскен.
2025 жылдың 12 айында шетелге шығатын азаматтарды ерікті сақтандыру бойынша төлемдер көлемі 788,5 млн теңгеге жетіп, 2024 жылмен (599,7 млн теңге) салыстырғанда 31,5%-ға артты.
Міндетті туристік сақтандыру сегментінде өсім одан да жоғары: 2024 жылғы 3,13 млрд теңгеден 2025 жылы 5,16 млрд теңгеге дейін, яғни 65% өсім.
Бұл динамика сақтандыру жүктемесінің нақты өскенін және танымал туристік бағыттарда емделу құнының қымбаттағанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, туристік тәуекелдер ұсақ шығындар деңгейінде емес, едәуір медициналық шығындар форматында жүзеге асуда. Сақтандырусыз мұндай шығындар сапар бюджетінен айтарлықтай асып кетуі мүмкін.
Сақтандыру жағдайларының географиясы
2025 жылғы Freedom Sayakhat бағдарламасы бойынша талдау сақтандыру жағдайларының белгілі бір елдерде шоғырланғанын көрсетеді.
Ең жиі тіркелген бағыттар:
-
Түркия — 23,7%
-
Тайланд — 20,1%
-
БАӘ — 9,4%
-
Индонезия — 7,6%
-
Вьетнам — 5,8%
-
Грузия — 4,3%
-
Еуропа елдері — 4,7%
-
Оңтүстік Корея — 1,8%
-
Жапония — 1,8%
-
АҚШ — 1,4%
Мамандардың айтуынша, мұндай шоғырлану туристік ағынның жоғары болуымен, отбасылық демалыс форматына, климаттық жағдайларға және қазақстандықтардың бұл елдерде ұзақ болуына байланысты.
Ең жиі кездесетін сақтандыру жағдайлары
Сақтандыру жүгінулерінің құрылымы көрсеткендей, жағдайлардың басым бөлігі экзотикалық немесе төтенше оқиғалармен емес, қарапайым аурулармен байланысты.
1. Суық тию және вирустық аурулар — 34,5%
ЖРВИ, тұмау, бронхит, тонзиллит. Әдетте климаттың күрт өзгеруі, ұзақ ұшулар және кондиционерленген орындарда болумен байланысты. Көбіне дәрігерлік тексеру, диагностика және дәрі-дәрмекпен емдеуді қажет етеді.
2. Асқазан-ішек жолы аурулары — 19,7%
Гастрит, гастроэнтерит, ішек инфекциялары. Әсіресе ыстық климаттағы және тамақтану жүйесі өзгеше елдерде жиі кездеседі. Кей жағдайларда сусыздану, инфузиялық терапия және қысқа мерзімді ауруханаға жатқызу қажет болады.
3. ЛОР-аурулары — 12,1%
Отит, синусит және жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы. Ұшудан, суға түскеннен кейін немесе температура айырмасынан туындайды. Балалармен отбасылық сапарларда жиі кездеседі.
Шетелдегі ем құны миллиондарға жеткенде
Жеңіл жағдайлар саны көп болғанымен, негізгі қаржылық жүктемені ауыр әрі сирек жағдайлар қалыптастырады.
Түркияда ауыр неврологиялық жағдайға байланысты шұғыл госпитализация және емдеу үшін сақтандыру төлемі 5,5 млн теңгеден асқан. Мұндай жағдайларда жедел диагностика, қарқынды терапия және стационарда ұзақ емдеу қажет.
Индонезияда асқынған жүктілікке байланысты медициналық көмек көрсету бойынша төлем 2,8 млн теңгеге жеткен.
Тайландта жедел тонзиллитті емдеу — 1,8 млн теңге.
БАӘ-де шұғыл медициналық көмек пен диагностика шығыны 1,2 млн теңгені құраған.
Бұл мысалдар медициналық шығындардың сапар бюджетінен асып түсетінін айқын көрсетеді.
Сақтандыру төлемдерін кімдер жиі алады?
Әйелдер — 51%
Ерлер — 49%
Бұл көрсеткіштер шетелде медициналық көмекке жүгіну тәуекелі жынысқа емес, сапардың бағытына, климатқа, болу ұзақтығына және демалыс форматына көбірек байланысты екенін дәлелдейді.
Туристік сақтандыру — барлық жас санаты үшін, әсіресе отбасылық және дербес сапарларда өзекті әмбебап қорғаныс құралы.
Туристік сақтандыру — формалдылық емес, ірі шығындардан қорғаныс
Шетелдегі медициналық көмек — алдын ала болжау қиын, бірақ қажет болған жағдайда сапар бюджетінен асып түсетін шығын.
Туристік сақтандыру — тәуекелдерді басқару құралы. Ол ықтимал шығындарды алдын ала бекітуге және күтпеген ірі шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Freedom Sayakhat бағдарламасы бойынша сақтандыру сомасы бағыт пен сапар шарттарына байланысты 10 000–100 000 еуро аралығында. Полис шұғыл медициналық көмекті, госпитализацияны, емдеуді, шұғыл стоматологияны, медициналық эвакуацияны және отанына тасымалдауды қамтиды.
Қорғау жүйесінде халықаралық ассистанс қызметі маңызды рөл атқарады. Сақтандыру жағдайы туындағанда турист тәулік бойы жұмыс істейтін ассистанс қызметіне хабарласады. Қызмет медициналық көмекті ұйымдастырып, клиникалармен тікелей жұмыс істейді. Көп жағдайда төлем туристің қатысуынсыз, сақтандыру компаниясы мен медициналық мекеме арасында тікелей жүргізіледі.
Егер шығындар сақтандырушының келісімімен турист тарапынан төленсе, өтемақы диагноз бен емдеуді растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Төлем көлемі жағдайдың ауырлығына және емдеу құнына байланысты анықталады.
Фото ашық дереккөздерден алынған.


