1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 11,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9%-ға артты. Соңғы бес жылда орташа есеппен халықтың зейнетақы жинақтарының сомасы бір жылда 19,2%-ға өсуде.
Өсім жинақтардың барлық түрлері бойынша байқалады. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақтар 17,7%-ға ұлғайып, 11,4 трлн теңгені немесе жалпы соманың 97,6%-ын құрады. Бұл ретте міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақтар 27,3%-ға, 275,6 млрд теңгеге дейін, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша жинақтар 10,5% -ға, 2,1 млрд теңгеге дейін өсті.
Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстан тұрады. Ағымдағы жылдың басынан бері зейнетақы жинақтары 8% -ға артты. Зейнетақы активтерінің өсуіне алынған инвестициялық кіріс неғұрлым көп үлес қосты. 2020 жылдың бес айының қорытындысы бойынша зейнетақы жарналарының сомасы 428,2 млрд теңгені құрады, ал осы кезеңде инвестициялық кіріс сомасы бірден 520,4 млрд теңгеге жетті. Тұтастай алғанда, ҚР ҰБ 2013 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін жүзеге асыратын зейнетақы активтерін басқару кезеңінде азаматтардың зейнетақы жинақтары құрылымындағы инвестициялық кіріс шамамен 30% немесе 3,8 трлн теңгені құрады.
Биылғы жылы әлемдік экономиканың тұрақсыздығына қарамастан, БЖЗҚ инвестициялық кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам немесе 270,3 млрд теңгеге артты. Кірістер құрылымында бағалы қағаздар, оның ішінде орналастырылған салымдар мен «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақы түріндегі кірістер ең көп үлесті алады, олар 19,8% ұлғайып, 324,1 млрд теңгені құрады. Өз кезегінде, ағымдағы жылы шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кіріс 227,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Сондай-ақ, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер 2,4 есе өсіп, 15,3 млрд теңгеге жетті. Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі 8,9%, инфляция 6,7% болды. Яғни, зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік оң болып табылады және 2,2% -ды құрайды.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары ұзақ мерзімді инвестициялар болып табылады және инвестициялық кіріс мөлшерін кемінде бір жыл кезеңінде талдау қажет. Тұтастай алғанда инвестициялық кіріс тұрақты емес шама болып табылады және қысқа мерзімді кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Бұл ретте «ұзақ арақашықтықта» БЖЗҚ жұмыс істеу уақытында инвестициялық кіріс оң, бұл зейнетақы активтерін басқарудың жоғары тиімділігін көрсетеді.
Фотосурет ашық дереккөздерінен алынған